9 қаңтар – Халықаралық хореографтар күні. Бұл мереке шығармашылық адамдарды біріктіріп, бидің өнер тілі ретіндегі ерекше маңызын еске салады.
Хореографиялық өнерді дамытуда маңызды рөл атқаратын мекеме – Астанадағы Қазақ ұлттық хореография академиясы. Бұл еліміздегі би өнері бойынша көп деңгейлі білім беретін жалғыз оқу орны. Мұнда дәстүрлер мен заманауи үрдістер тоғысып, кәсібилік әлемдік деңгейге жетеді.
2024 жылы Академия Халықаралық би білім альянсының (WDEA) мүшесі атанып, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа көкжиегін ашты.
Академияның студенттері әрдайым жоғары дайындық деңгейін дәлелдеп, «Арабеск», «Budapest Ballet Grand Prix» және «Рига көктемі» сынды беделді фестивальдерден жүлделі орындарға ие болып келеді. Өткен жылдың өзінде студенттер еліміздің қоржынына 49 халықаралық марапат әкелді.
Сонымен қатар, 2024 жылы Академияның 46 студенті V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты. Бұл айтулы шараның қойылымдарын танымал хореографтар – Евгений Моисеев, Әмина Самарбаева, Ғұмар Сұлтанбек және Нима Тоқов қойдв. Олар қазақ би өнерінің ең ірі сахналарды бағындыра алатынын дәлелдеді.
Академия ұлттық деңгейдегі конкурстарды да белсенді ұйымдастырып келеді. Солардың ішінде ерекше атап өтерлік байқаулар – Дәурен Әбіров атындағы ерлердің жеке би сайысы мен Шара Жиенқұлова атындағы қазақ биі конкурсы. Тағы бір маңызды оқиға – «Temps lie» халықаралық балет фестивалі. Академияда үнемі ұйымдастырылатын шеберлік сабақтары танымал хореографтарды шақырып, студенттерді шығармашылық ізденістерге шабыттандырады.
Сонымен қатар, әлемнің жетекші театрлары және би мектептерімен ынтымақтастық Академия студенттеріне Словения, Түркия, Дубай секілді ірі сахналарда гастрольдер мен қойылымдарға қатысуға мүмкіндік береді.
Академияның биылғы маңызды оқиғаларының бірі – «Астана Опера» театрында өтетін «Nomad Gala» және «Nomad Inspiration» атты ерекше гала-балеті. Ұлттық нақыш пен заманауи хореографияны біріктірген бұл қойылымның қоюшысы – Академия түлегі Ғұмар Сұлтанбек. Жобаның серіктесі – «HasSak» этно-фольк тобы.
Халықаралық хореографтар күні – адамдарды біріктіріп, жаңа жетістіктерге шабыт беретін би өнерінің маңызын арттыратын тамаша себеп.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі