Атырау қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Атырау облысының әкімдігімен және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетімен бірлесіп ұйымдастырған «Мұнай-газ, экологиялық бағыттардағы салалық журналистиканың ерекшеліктері» тақырыбында республикалық семинар өтті.
Семинар өңірдің өзекті мәселелерін (мұнай-газ секторы, қоршаған ортаны қорғау, инфрақұрылым және т.б.) жариялау кезінде журналистердің біліктілігін жақсартуға, БАҚ пен жергілікті атқарушы органдар арасындағы коммуникацияларды жетілдіруге бағытталған.
БАҚ өкілдері мұнай-газ саласының негіздері және қалыптасу тарихы, энергостатистикамен жұмыс істеу ерекшеліктерімен танысып, мұнай-газ өнеркәсібіндегі оқиғаларды талдау дағдыларын меңгерді.
Іс-шараның ашылуында Министрліктің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов сөз сөйледі.
Қайнар Ахетов журналистерді аккредиттеудің жаңа қағидалары, БАҚ-тың жазбаша сұрауларына жауап беру мерзімдері, гранттық қаржыландыру бойынша «Масс-медиа туралы» заңның негізгі ережелерін түсіндірді.
Семинар Салалық журналистиканы дамытудың 2024 жылға арналған жол картасы аясында өткізілді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі