Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған көрмелер өтіп жатыр

Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған көрмелер өтіп жатыр

1997 жылы 31 мамыр Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Бүгін еліміздің әр аймағында дәстүрлі түрде іс-шаралар, музейлерде көрмелер өтіп жатыр, тың деректер жарияланды.

Мәселен, ҚР Орталық мемлекеттік музейінде «Түркістан екі империяның билігі астында: отаршылдық пен қуғын-сүргін» атты халықаралық көрме ашылды.

Онда  Сұлтанбек Қожановтың, Фазифа Зарипқызының, Тәніберген Отарбаевтың фотоқұжаттары, Ахмет Байтұрсыновтың, Әлихан Бөкейхановтың, Міржақып Дулатовтың, Мұхамеджан Тынышпаевтың құжаттары, Сәкен Сейфуллиннің, Халел Досмұхамедовтың жеке заттары, Өзбекстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы қуғын-сүргін құрбандарын еске алу Мемлекеттік музейі қорынан алынған мұрағаттық құжаттар ұсынылды.

Қуғын-сүргіннен кейін Өзбекстанға көшуге мәжбүр болған 69 қазақстандықтың есімдері жазылған стенд келушілер назарын ерекше аудартты.

Іс-шара аясында «Орталық Азия елдеріндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту барысы туралы: нәтижелері мен жалпы проблемалары»

атты халықаралық дөңгелек үстел өтті, оған қатысушылар саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

ҚР Ұлттық кітапханасында тарихи-танымдық кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан тың ақпараттар, «Алаш» қозғалысы жетекшілерінің шығармалары мен қолжазбаларының түпнұсқалары, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында, ұлт қайраткерлері мен қазақ зиялыларының еңбектері, саяси қуғын - сүргін құрбандары ұрпақтарының естеліктері, қолжазбалар мен саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандары туралы зерттеу жұмыстары қойылды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі