Мәдениет және ақпарат министрлігінің қызметкерлері жалпықалалық сенбілікке қатысты

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қызметкерлері жалпықалалық сенбілікке қатысты

Бүгін Мәдениет және ақпарат министрлігінің қызметкерлері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты.
Жалпықалалық сенбілік барысында Мәңгілік ел даңғылының бойындағы аумақты тазалау жұмыстары жүргізілді.

Мемлекет басшысы бүгінгі сенбілікте жастармен жүздесіп, экология мәдениетін қалыптастыру және табиғатты аялау маңызды екенін атап өтті.

«Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Сондай-ақ бұл жұмыс елорда және ірі қалаларда ғана емес, шағын қалаларда, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылады. Бүкіл Қазақстанды таза ұстау өзімізге, жастарға байланысты. Мен жастарға сенемін. Сондықтан жастарға зор үмітпен қараймын», – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, экологиялық акция аясында «Жасыл аймақ» үшінші тақырыптық апталығы аяқталды. Еліміздің өңірлерінде 220,3 мыңнан астам көшет отырғызылып, 378 саябақта абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында 8-25 сәуір аралығында аймақтарда өткен 4,8 мыңнан астам іс-шараға жалпы 900,7 мың адам қатысқан.

Министрлік сонымен қатар «Birgemiz: Taza Alem», «Kieli tabigat» және т. б. экологиялық жобаларды қолдайтын бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды.

Акция шеңберінде өтетін барлық іс-шараларға жастар ресурстық орталықтары, жастар ұйымдары, волонтерлік қоғамдастықтар белсенді қатысып жатыр.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі