Түркістанда әлемдік мәдени мұра ескерткіштерін сақтау мәселелері талқыланды

Түркістанда әлемдік мәдени мұра ескерткіштерін сақтау мәселелері талқыланды

«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы «Әлемдік мәдени мұра ескерткіштерінің сақталуын қамтамасыз ету және зерттеуде жаратылыстану ғылымдарының әдістерін қолдану» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өткізді.

Семинар жұмысына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова, отандық және шетелдік, атап айтсақ Иран,  Ресей, Өзбекстан елдерінің тарих, реставрация, сәулет өнерінің маман-ғалымдары, тарихи-мәдени мұраларды қорғау саласының және ғылыми-зерттеу ұйымдардың қызметкерлері қатысты.

Іс-шара барысында Орталық Азия ескерткіштерінің сақталуын қамтамасыз ету және зерттеу кезінде жаратылыстану ғылымдарының әдістерін қолдану, сақтау объектілеріне ішкі және сыртқы ортаның әсері, сондай-ақ ескерткіштердің сақталу жағдайларын ұзақ мерзімді қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің техникалық жағдайын зерттеу мақсатында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарының бірінші кезеңінің қорытындысы талқыланды. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүргізіліп отыр.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Орта Азиядағы теңдесі жоқ тарихи ескерткіш. XIV ғасырда Әмір Темір салған мемориалдық кешен, сол кездегі ең маңызды және құрылысы жақсы сақталған нысандардың бірі болып саналады, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі