Татарстанда «Әзірет Сұлтан» қазақстандық музей-қорығының көрмесі ашылды

Татарстанда «Әзірет Сұлтан» қазақстандық музей-қорығының көрмесі ашылды

«Қазан Кремль» мемлекеттік тарихи-сәулет және көркемсурет мұражай-қорығында «Яссауи мұрасы және ежелгі Түркістан» халықаралық көрмесі ашылды. Іс-шараны «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы ұйымдастырды.

Экспозиция 3 бөлімнен тұрады: «Рухани аманат»,«Яссауи мұрасы»,«Түркістан – Түркі әлемінің астанасы».

Көрмеде мұражай-қорық қорынан археологиялық, нумизматикалық, этнографиялық құнды жәдігерлердің түр-түрі ұсынылған. Олардың қатарында Қожа Ахмет Яссауи өмірі мен мұрасы туралы қолжазбалар мен картиналар, ілімін жалғастырушылардың еңбектері, дүниежүзілік мұра атанған Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне байланысты тарихи артефактілер бар.

Сондай-ақ көрмеге келген көпшілік қасиетті Түркістан тарихымен және қазақ даласының ғасырлар бой қалыптасқан мәдениетімен, оның әлемдік өркениеттегі өзіндік орнымен таныса алады.

Көрме 20 сәуірге дейін жұмыс істейді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі