
Бүгін «Балашка» жаңа фильмінің қайырымдылық көрсетілімі болды. Іс-шараға келген балдырғандар басты рөлдерді сомдаған Жантөре Мыңжасар, Ренат Басит, Ерлан Примбетов, Асхат Үрпеков сынды актерлермен жүздесіп, фильмді бірге тамашалады.
Фильмнің режиссері - Данияр Саидкаримов.
Фильмді музыкалық сүйемелдеуіне Роза Бағланова атындағы
«Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы атсалысты. Сондай-ақ, кинотуындыда «Қазақконцерттің» әртісі Ренат Басит басты рөлдердің бірін сомдады.
Сюжет желісі жазғы демалысын ауылда атасымен өткізуге қарсы болған Аслан деген балақайдың басынан кешкен қызықты оқиғалары негізінде өрбиді. Оқиға тау етегінде орналасқан атасының ауылында өтеді, онда қала баласы атасынан ауылдың тұрмыс-тіршілігі, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы көп нәрсе үйреніп, жаңа достар табады.
Жаңа туынды балаларды табиғатты қорғауға, адам еңбегіне деген құрмет, ұлттық тәрбие, отбасы құндылықтары сынды ізгі қасиеттерді насихаттауға бағытталған.
Кинотуынды 21 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі