Елордалық «Жастар» театрында У.Шекспирдің «Асауға тұсау»комедиясының сахналанғанына биыл 10 жыл толады.
Спектакль режиссерлері — ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрқанат Жақыпбай, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Бекболат Құрманғожаев және Дәурен Серғазин. Шығарманы қазақ тіліне аударған —Мұхтар Әуезов.
«Асауға тұсау» — асау қызды ауыздықтау емес, кіршіксіз махаббатты шынайы түсінуден тұратын ерлі-зайыптылар арасындағы адал достықты жыр етеді. Сөзі өткір, өр мінезді Петруччио мен тапқыр әрі ақылды тентек Катарина екеуінің әзілді қақтығыстары қыз бен жігіттің айтысындай өте тартымды», — дейді режиссер Нұрқанат Жақыпбай.
Қойылым 2014, 2017 және 2021 жылдары «Үздік спектакль» номинациясында үш рет гран-при алды. Туынды режиссері Бішкектегі «ART – ORDO» VI Халықаралық театр фестивалінде үздік деп танылды. Түркі әлемі театрларының «Театр көктемі – 2017» халықаралық фестивалінде актриса Айнұр Рахипова «Үздік әйел бейнесін» жеңіп алса, Әділ Ахметов «Қойылымдағы ұтымды бейнесі» үшін марапатталды. Татарстандағы Түркі халықтарының ХІІ «Наурыз» Халықаралық драма театрлар фестивалінде спектакль арнайы дипломға ие болды.
28 ақпан күні сағат 19:00-де «Жастар» театры көрерменді репертуар қоржынындағы ең үздік спектакльдердің біріне шақырады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі