Бүгін Халықаралық волонтерлер күні

Бүгін Халықаралық волонтерлер күні

5 желтоқсанда бүкіл әлемде Халықаралық волонтерлер күні аталып өтіледі.

Қазақстанда волонтерлік қозғалыс белсенді дамып келеді. Сондай-ақ волонтерлік қоғамдағы түрлі салаларда да маңызды рөл атқарады. Ерікті істерге белсенді қатысу және оған мемлекет тарапынан жағдай жасау елдегі волонтерліктің дамуына оң ықпал  етті. Бұған волонтерлік ұйымдардың өсу динамикасы дәлел. Соңғы үш жылда ерікті ұйымдардың саны 3 есеге, яғни 224-тен 680-ге дейін өсті. Белсенді волонтерлер саны 50 мыңнан 240 мыңға дейін жетті.

Qazvolunteer.kz онлайн платформасы іске қосылып, оған 59 мыңнан астам белсенді волонтер және 3,5 мыңнан аса ұйым, мыңнан астам жоба тіркелді.

Астанада волонтерлер күніне орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Осы орайда өткен симпозиумда волонтерлікті дамыту, сондай-ақ Халықаралық волонтерлер жылының тарихы мен маңыздылығы туралы өзекті тақырыптар көтерілді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстанның Ұлттық волонтерлік желінің қолдауымен БҰҰ Волонтерлер бағдарламасының қатысуымен ұйымдастырылған симпозиум аясында 4-10 желтоқсан аралығында «Волонтер болу оңай» қысқы мейірім апталығы басталды.

Бұл бастама қоғам игілігі үшін волонтерлік бастамаларды көтермелеуге және іске асыруға бағытталған.

Бүгін 15 әлеуметтік маңызы бар номинация бойынша «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді. Олардың қатарында «Үздік волонтерлік ұйым», «Үздік әлеуметтік көмекші»,  «Салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін», «Төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысқаны үшін», «Бейбітшілік, достық пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін» және тағы да басқа номинациялар бар.

Сыйлық волонтерік қозғалысты дамытуға және қолдауға, сондай-ақ әлеуметтік және қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуге елеулі үлес қосқан отандық және халықаралық волонтерлер мен волонтерлік топтарды, ұйымдарды көтермелеуге және ынталандыруға бағытталған.