Мәжіліс "Қоғамдық бірлестіктер туралы" заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс "Қоғамдық бірлестіктер туралы" заң жобасын мақұлдады

Депутаттар «Қоғамдық бірлестіктердің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Пленарлық отырыста сөз алған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңның қабылданғанына
27 жыл толғанын атап өтті. Аталған Заң азаматтарымыздың қоғамдық белсенділігін көтеруге едәуір қызмет етіп, құқықтарын кеңейтуге ықпал етті.

«Еліміздегі демократиялық үрдістердің жаңа белеске шығуы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында азаматтық қоғаммен әріптестікті арттыру  туралы тапсырмасынан бастау алған болатын. Бүгін аталған бастаманың бірқатар нәтижесіне куә болып отырмыз. Заң шеңберінде азаматтарымыздың қоғамдық құқығының аясы кеңейіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Сондықтан «Қоғамдық ұйымдар» туралы Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін уақыт келді», - деп атап өтті министр.

Аталған заң жобасы «Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» ҚР Президентінің 2021 жылғы 9 маусымдағы № 597 Жолдауын азаматтардың бірлесу құқығын кеңейту бөлігін іске асыру мақсатында әзірленген.

Заң жобасына енгізілетін негізгі жаңалық – қоғамдық бірлестіктерді тіркеу үшін бастамашы азаматтардың санын 10 адамнан 3 адамға дейін азайту болып табылады.

Сондай-ақ заң жобасы елдің әкімшілік-аумақтық құрылымының өзгеруімен байланысты редакциялық түзетулер енгізуді (жаңа облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларды құру) көздейді және Заң жобасынан «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында қайталанатын  нормалар алынып тасталады.

Аталған нормаларды қабылдау азаматтардың ҚР-ның Конституциясында белгіленген бірігу құқығын одан әрі іске асыруға ықпал етеді.

Аталған норма үкіметтік емес секторды дамыту бойынша  Қазақстанның халықаралық имиджіне оң ықпал етеді.