Қазақстан Жапониямен шығармашылық индустрияны дамытуда ынтымақтастықты нығайтады

Қазақстан Жапониямен шығармашылық индустрияны дамытуда ынтымақтастықты нығайтады

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямаданың кездесуінде екі елдің мәдениет саласындағы ынтымақтастығы жайлы талқыланды.

Аида Балаева елшіні 3 қарашада Жапонияда аталып өткен Мәдениет күнімен құттықтады.

«Дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылындағы өзара сенім мен серіктестіктің жоғары деңгейі жапон-қазақ қарым-қатынасының әртүрлі салалардағы, соның ішінде мәдениет, кинематография және конфессияаралық келісімді дамытудың берік іргетасын қалады. Мәдениет алмасу халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуда маңызды рөл атқарады», - дей келе министр қазақ мәдениетінің жапон аудиториясын қызықтыратын бай мұрасы бар екенін, сондай-ақ жапон мәдениетімен ортақ тіл табуға болатынын атап өтті.

Өз кезегінде Джун Ямада екі ел арасындағы серіктестікті белсенді дамытуға және мәдениет алмасуды кеңейтуге дайын екенін білдірді.

«Сәтті жобалар бар, соның ішінде 2019 жылы түсірілген «Ат ұрылары» қазақ-жапон фильмі. Біз осындай жобаларды ілгерілетуге және жүзеге асыруға мүдделіміз. Сіздердің барлық ұсыныстарыңызды қолдауға ниеттіміз», - деді Елші.

«Мемлекет басшысы жас ұрпақты тәрбиелеуде шығармашылық саланың ерекше маңыздылығын атап көрсетті. Осыған байланысты біз сіздердің тәжірибеңізге, киноиндустрия мен анимациядағы технологиялар мен соңғы трендтерге қызығушылық танытамыз. Қазақстанда бұл салаларды дамытуға барлық жағдай бар, бірақ кадрларды дайындау мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Біз өзара қарым-қатынас пен тәжірибе алмасуға дайынбыз», - деп атап өтті кездесу соңында Аида Балаева.