РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙЛАСТЫРЫЛҒАН «ӨЗГЕРIS» МЕНТОРЛЫҚ ОҚЫТУ БАҒДАРЛАМАСЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙЛАСТЫРЫЛҒАН «ӨЗГЕРIS» МЕНТОРЛЫҚ ОҚЫТУ БАҒДАРЛАМАСЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Алматы облысы, Талғар ауданы, «Ақ Бұлақ» демалыс аймағында бастау алған «ӨзгерIS»  менторлық оқыту бағдарламасы өз мәресіне жетті.

         Іс-шара 25 қазан – Республика күніне орай, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен «Алматы студенттер Альянсының» ұйымдастыруымен «Ules» жобасы аясында өткізілді.

         Менторлық оқыту бағдарламасында жастар тұлғалық даму, кәсіпкерлік, қаржылық сауаттылық, кәсіби бағдар беру (профориентация), медиа бағыттары бойынша, сала мамандарынан тәлім алып, білімдерін шыңдады.

         «ӨзгерIS» менторлық оқыту бағдарламасына республиканың түкпір-түкпірінен 100 жас қатысты. Қатысушылар арасында студенттер, ұстаздар, кәсіпкерлер және түрлі сала мамандары болды.

         Әртүрлі аймақтан келген қатысушылар бір-бірімен жақсы қарым-қатынас (таныстық) орнатуы үшін арнайы психологиялық тренингтен өтті. Мәселен, теолог, дінтанушы, психолог Нұрлан имам Байжігітұлының «Қазақ даласындағы руханият» тақырыбындағы рухани дәрісін тыңдады.

         Алматы қаласы мәслихатының VIII шақырылым депутаты, Паралимпиада спортшысы Серік Есматов бағдарламада қонақта болып, «Қиындықтарда қалай сынбау керек?» тақырыбында жоба қатысушыларына мотивациялық дәріс оқыды.

         Педагог-тренер, Ustart жобасының жетекшісі, «Үйренуді үйрену» курсының спикері Ескендір Бестай және  медиасарапшы, блогер, саяхатшы (57 ел) Өркен Кенжебек, сонымен қатар, журналист, оратор, дауыс және дикциямен жұмыс маманы Қаракөз Амантай,  қазақ Standup негізін салушы Нұрмахан Ахметов, «Алтын көпір», «100 LEADER» жобаларының авторы Алмас Қылыш және @zhancoffee желісінің негізін қалаушы Жанбол Нұрмұханбет мырза бағдарлама қонағы ретінде, қатысушыларымен кездесіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

         Сонымен қатар, қатысушылар спорттық сайыстарға қатысып, шығармашылық таланттарын да паш етті.

         Менторлық бағдарламаның бесінші күні, арнайы дайындықтан өткен менторлар «Тұлғалық даму», «Медиа», «Қаржылық сауаттылық», «Кәсіпкерлік», «Профориентация» бағыттары бойынша өз жобаларын қорғады.

         Шара соңында ментор ретінде арнайы дайындықтан өткені үшін, оқыған бағыттары бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Бұдан бөлек, іс-шара аясында, Алматыда жоба қатысушыларымен «Міржақып. Оян қазақ!» кинокөрсетілімі өткізілді. Кинокөрсетілімнің қонағы, фильмнің қоюшы-режиссері Мұрат Есжан мырза болды.