Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Канн қаласында өтіп жатқан MIPCOM 2026 халықаралық телевизиялық және аудиовизуалды контент нарығында отандық фильмдерді таныстырып, оларды шетелде тарату мәселесі бойынша серіктестермен келіссөз жүргізді.
Халықаралық іс-шараға киностудия атынан Айдар Омаров пен Ольга Хлащева қатысты. Сондай-ақ жиында «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КеАҚ-ның киножобалары ұсынылды.
Қазақстандық делегация Францияның mk2 Films кинокомпаниясы, Library Kingdom Cooperation, Түркияның TRT телерадиокорпорациясы, Kanal D International, Жапонияның NHK хабар тарату корпорациясы және RTL Group медиатобының өкілдерімен кездесті.
Келіссөз барысында фильмдердің көрсетілім құқығын сатып алу және сату, оларды шетелдік телеарналар мен цифрлық платформаларда көрсету, киножобаларды бірлесіп тарату және түсіру мүмкіндіктері талқыланды.
MIPCOM 2026 жиыны еліміз үшін отандық киноны халықаралық нарықта ілгерілету бағытындағы жүйелі жұмыстың жалғасы болды. Шетелдік серіктестермен өткен келіссөз қазақстандық фильмдерді өзге елдерде кеңінен таратуға және шетелдік көрермен қатарын арттыруға мүмкіндік береді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі