Шымкентте Creative Shift бағдарламасының өңірлік буткемпі басталды

Шымкентте Creative Shift бағдарламасының өңірлік буткемпі басталды

Шымкентте креативті индустрия саласындағы жобаларды дамытуға бағытталған Creative Shift бағдарламасының өңірлік буткемпі басталды.

Бағдарламаны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры ұйымдастырып отыр.

Буткемпке аудиовизуалды өндіріс, музыка, сахна өнері, бейнелеу, қолданбалы өнер, әдебиет, медиа және жасанды интеллект салаларындағы жоба авторлары, кәсіпкерлер және командалар қатысып жатыр.

Бір апта бойы қатысушылар сарапшылармен бірге өз жобаларының бизнес-моделін әзірлеп, оны дамыту мен табыс табудың тиімді жолдарын қарастырады. Сондай-ақ өз аудиториясын айқындап, жобаны одан әрі ілгерілетудің мүмкіндіктерін саралайды.

Бағдарламада өнімді нарыққа шығару, бағаны белгілеу, зияткерлік меншікті қорғау, серіктестер мен инвестиция тарту, сондай-ақ жобаны таныстыруға дайындық мәселелеріне жеке тоқталады.

Шымкент – өңірлік бағдарлама өтіп жатқан екінші қала. Алғашқы кезең 21-27 қыркүйек аралығында Алматыда өтті. Келесі буткемп 19-25 қазанда Астанада ұйымдастырылады.

Өңірлік кезеңдердің қорытындысында үздік деп танылған жобалардың авторлары Астанада жеті күндік менторлық бағдарламаға қатысады.

Бағдарламаның соңғы кезеңі – Pitch Day. Онда қатысушылар өз жобаларын әлеуетті инвесторларға таныстырады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі