
Республикалық «Мың бала» жобасы аясында Алматы қаласы мен Қостанай облысында балалар мен жасөспірімдердің мемлекеттік тілге, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қызығушылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар өтті.
Алматыда оқушылар арасында мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтайтын байқау ұйымдастырылды. Қатысушылар қазақ тілін меңгеру деңгейін, сөздік қорын және ойын еркін түрде жеткізе алатынын саралайтын тапсырмаларды орындады.
Байқау оқушыларға қазақ тілі бойынша білімін шыңдап, тіл байлығын арттыруға әрі мемлекеттік тілді тереңірек меңгеруге ықпал етті.
Қостанай облысында жобаның өңірлік кезеңі Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған мәнерлеп оқу байқауымен жалғасты. Ақтық кезеңге жолдама алған 11 қатысушы ақын шығармаларын жатқа оқыды.
Қатысушылар өлеңнің мән-мағынасын жеткізіп, мәнерлеп оқу мен сахна мәдениетіндегі шеберлігін көрсетті. Байқау қорытындысында барлық финалиске алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
«Мың бала» жобасы балалар мен жасөспірімдердің қазақ тілін жетік меңгеруіне, қазақ әдебиетінің көрнекті туындыларымен жақынырақ танысуына және ұлттық мәдениет туралы танымын кеңейтуіне жол ашады.
Жоба дарынды жастарды қолдап, өскелең ұрпақтың мемлекеттік тілге, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруды көздейді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі