ҚҚДИ сарапшылары заңнамаға гендерлік сараптама жүргізу бойынша оқудан өтті

ҚҚДИ сарапшылары заңнамаға гендерлік сараптама жүргізу бойынша оқудан өтті

Астанада Қазақстандық қоғамдық даму институтының (ҚҚДИ) қызметкерлеріне нормативтік-құқықтық актілерге гендерлік сараптама жүргізу және оның тәсілдерін сараптамалық жұмысқа енгізу бойынша курс өтті.

Оқытуды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы ұйымдастырды.

Курсқа ҚҚДИ-дың 14 сарапшысы мен талдаушысы қатысты.

Қатысушылар мазмұны жағынан бейтарап көрінгенімен, ерлер мен әйелдерге әртүрлі әсер етуі мүмкін құқықтық нормаларды анықтаудың бірқатар тәсілін қарастырды. Сондай-ақ нормативтік-құқықтық актілерге гендерлік сараптама жүргізудің ұлттық әдістемесін сараптамалық талдау жұмысында қолдану жолдарын меңгерді. Курс гендерлік сараптаманы іс жүзінде тиімді қолдануды, сарапшылардың осы бағыттағы білімін жетілдіруді және оны мемлекеттік органдардың жұмысына біртіндеп енгізуді көздейді.

Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі бағдарлама аясында жалғасып келеді. 2023 жылы нормативтік-құқықтық актілерге гендерлік сараптама жүргізудің ұлттық әдістемесі әзірленді. 2024-2025 жылдары осы әдістеме бойынша мемлекеттік органдардың заң қызметтерінде еңбек ететін 100-ден астам маман оқудан өтті.

Сонымен қатар әдістеме бойынша Президент Әкімшілігі, Құрылтай, Үкімет Аппараты және орталық мемлекеттік органдардың заң бөлімдерінің 19 басшысы мен маманы білім алды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі