
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының алаңында 93-ші театр маусымы мен Алматы қаласы күніне арналған «МҰРА» Open-Air гала-концерті өтті. Кешке 250-ден астам өнерпаз қатысып, бірнеше мың адам тамашалады.
Үш сағатқа созылған концертте опера солистері, балет труппасы, хор және музыкалық ұжымдардың қатысуымен 30-ға жуық нөмір орындалды. Бағдарлама ұлттық және әлемдік классика, джаз, танымал кинофильмдердің музыкасы мен заманауи шығармаларды қамтыды.
Кешке арнайы қатысқан Жәмила Серкебаева Ермек Серкебаевтың репертуарындағы қазақ әндерінен попурри орындады. Сондай-ақ әртіс театр солисі Олег Татамировпен бірге өнер көрсетті.
Көпшілікке Алматыға арналған әндер де ұсынылды. «Сүйікті Алматы» попурриіне қала туралы танымал әндер топтастырылып, симфониялық оркестр әлемдік кинематографияның көпшілікке белгілі музыкалық шығармаларын шырқады.
Гала-концерт мазмұнын жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының идеясы толықтыра түсті. Сахна Қазақстанның көркем табиғатын бейнелейтін көріністермен безендірілді.
Театр ғимаратының қасбеті 3D-проекциялармен, жарық және лазерлік инсталляциялармен түрленді. Гала-концерт барысында 500-ден астам сахналық костюм пайдаланылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі