Абай атындағы театрдың «Спартак» балетін Аспендоста 30 мың көрермен тамашалады

Абай атындағы театрдың «Спартак» балетін Аспендоста 30 мың көрермен тамашалады

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры Түркияның Аспендос қаласында өткен XXXIII халықаралық опера және балет фестивалінде Арам Хачатурянның «Спартак» балетін сахналады.

Қойылымды 30 мың көрермен тамашалады.

Қазақстандық ұжым әйгілі антикалық театр сахнасында хореограф Заурбек Райбаев қойған «Спартак» балетін ұсынды. Абай атындағы театр фестивальге Түркияның Мемлекеттік опера және балет театрлары бас басқармасының шақыруымен барды.

Басты партияларды Архат Әшірбек, Айман Егісбаева, Сырым Аюпов және Жанель Түкеева орындады. Қойылымға театрдың балет әртістері мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Байбусинов жетекшілік еткен симфониялық оркестр де қатысты.

Заурбек Райбаевтың «Спартак» қойылымы – хореографтың шығармашылық жолындағы айтулы еңбектерінің бірі. Хореограф сахналаған қойылымдар отандық балет өнерінің дамуында айрықша орын алады, ал бүгінде театр репертуарында сақталып келеді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі