
Режиссер Жаннат Алшанованың «Таңдау» фильмі XI Baiqonyr дебюттік және қысқаметражды халықаралық кино фестивалінде «Үздік дебюттік фильм» аталымын жеңіп алды.
Аталмыш туынды – режиссердің алғашқы толықметражды фильмі. «Таңдау» Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Accidental Films кинокомпаниясында Франция, Нидерланд, Литва және Швеция кинематографистерімен бірлесіп түсірілді.
Оқиғада 17 жастағы Мила есімді бойжеткеннің тағдыры баяндалады. Еркіндікке ұмтылып, өмірін өзгерткісі келген ол жүзгіштер командасына қосылады. Алайда мәреге жетер тұста оның өмірін өзгертетін таңдау жасауға тура келеді.
Кинотанушылар форумы аясында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жанындағы Сараптамалық кеңестің мүшесі, кинотанушы әрі кино сыншысы Инна Смаилова «Кинотану ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы жүлдесімен марапатталды.
Фестиваль соңында Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығына орай «Алты жасар Алпамыс» фильмі көрсетілді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі