Астанада «ЗЕЙІН» атты жаңа мюзикл сахналанды

Астанада «ЗЕЙІН» атты жаңа мюзикл сахналанды

«ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театры көрерменге Бродвей үлгісіндегі жаңа «ЗЕЙІН» мюзиклін ұсынды. Қойылым технология мен жасанды интеллектінің адамның өміріне және жақындары арасындағы қарым-қатынасқа ықпалын суреттейді. 

Басты кейіпкер Зейін уақытының басым бөлігін қызметке арнап, күнделікті жұмысында жасанды интеллектіге негізделген роботтың көмегіне жиі жүгінеді. Жетістікке жетемін деп бар уақытын жұмысқа арнаған Зейін анасы мен сүйіктісі Інкәрден бірте-бірте алыстай береді. Оның тағдыры арқылы қойылым технология үнемдеген уақытты адамның қалай және қандай мақсатқа жұмсайтыны туралы ой қозғайды.

Оқиға музыка, хореография және сахнадағы көркемдік шешім арқылы өрбиді. Мюзикл үшін заманауи әуендерден бастап лирикалық композициялар, вальс пен бесік жырына дейінгі оннан астам музыкалық шығарма арнайы жазылған.

Қойылымға 30 әртіс қатысты. Басты рөлді Алиулла Шауенов сомдады. Жобаның көркемдік жетекшісі – Есләм Нұртазин, режиссері – Дархан Байғожаев.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі