
Астанада «Qyzyl Book Art: Дала қазынасы» республикалық балалар суреті байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Креативті индустрияларды дамыту қорының бастамасымен ұйымдастырылды.
Байқау Қазақстанның табиғи мұрасын дәріптеуге, Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктерге қоғам назарын аударуға, сондай-ақ өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған.
Байқауға еліміздің барлық өңірінен 1-4, 5-8 және 9-12-сынып оқушылары қатысты. «Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлар» және «Қазақстанның Қызыл кітабына енген өсімдіктер» атты екі бағыт бойынша барлығы 1 180-нен астам сурет қабылданды. Қорытындысында сарапшылар комиссиясы үздік 18 жұмысты анықтады.
Сонымен қатар «Үздік экологиялық үндеу», «Үздік көркемдік шешім», «Үздік цифрлық туынды» және «Ең жас талант» атты төрт арнайы номинация бойынша жеңімпаздар таңдалды.
Бұдан бөлек, «Халық таңдауы» номинациясының жеңімпазы анықталды. 2026 жылғы 19 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында өткен ашық онлайн дауыс беру нәтижесінде ең көп дауыс жинаған Астана қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің оқушысы Мәди Оспан аталған номинацияға ие болды.
Қатысушылардың жұмыстарын өнер, дизайн, экология және музей ісі саласының мамандарынан құралған сарапшылар комиссиясы бағалады.
Марапаттау рәсімі аясында Qazaq Creative Hub алаңында байқауға ұсынылған суреттер көрмесі де ашылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі