Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі 2003 жылғы конвенциясын іске асыруға бағытталған «Жанды мұраны сақтау мен жеткізу тәжірибелері» атты үш күндік оқыту семинары өтіп жатыр.
Семинардың ашылуына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының өкілдері, ғалымдар, сарапшылар, музейлер мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері, сондай-ақ еліміздің өңірлерінен келген мамандар қатысты.
Жиында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев сөз сөйледі. Ол Қазақстанның ЮНЕСКО-ның 2003 жылғы конвенциясының ережелерін жүйелі түрде іске асырып келе жатқанын айтты. Бүгінде Қазақстанның қатысуымен 14 элемент Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген. Сонымен қатар жаңа номинациялық материалдарды әзірлеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының бас хатшысы Жанар Шайменова халықаралық ынтымақтастық аясындағы басым бағыттарға тоқталды. Ол жергілікті қауымдастықтардың белсенді қатысуына және номинациялық құжаттарды сапалы әзірлеуге ерекше мән берілетінін атап өтті.
Қазақстандық қоғамдық даму институты өңірлерде зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде «Қазақстанның жанды мұрасы» ұлттық баяндамасы жарық көрді. Қазір ЮНЕСКО тізімдеріне ұсыну үшін екі номинациялық досье, сондай-ақ ИСЕСКО аясында он досье әзірленіп жатыр.
Жиында Қазақстан, Қырғызстан және Таиландтан келген ЮНЕСКО-ның халықаралық фасилитаторлары жергілікті қауымдастықтарды осы жұмысқа кеңінен тарту, далалы аймақтарда зерттеулер жүргізу және номинациялық материалдарды сапалы әзірлеу мәселелеріне тоқталды.
Семинарға барлығы 30 адам қатысып жатыр. Үш күн ішінде олар номинациялық досьелердің нақты үлгілерін талдап, алдағы уақытта халықаралық тізімдерге ұсынуға болатын мұра элементтерін айқындайды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі