Мемлекет басшысы «Aqiqat» журналын 105 жылдық мерейтойымен құттықтады

Мемлекет басшысы «Aqiqat» журналын 105 жылдық мерейтойымен құттықтады

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Aqiqat» ұлттық қоғамдық-саяси журналының 105 жылдығына арналған «Заман мен зиялы мінбері» ғылыми-практикалық конференциясы өтті. 

Іс-шараға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, басылым ардагерлері мен журналистер қатысты.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев журнал ұжымын мерейтойымен құттықтады. Мемлекет басшысының құттықтау хатын Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді. Құттықтауда «Aqiqat» журналының ұлттық сана мен қоғамдық ойды дамытудағы маңызы, сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріндегі басылымның айрықша рөлі аталып өтті.

Журнал ұжымына Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев та құттықтау хат жолдады. Министр ғасырдан астам тарихы бар басылымның қоғамдық пікірді қалыптастырудағы, отандық журналистиканы дамытудағы және елдің рухани өміріндегі маңызды рөліне тоқталды.

Конференция барысында қатысушылар 1921 жылы «Қызыл Қазақстан» атауымен жарық көре бастаған журналдың тарихын, әр кезеңдегі қоғамдық-саяси және рухани мәселелерді көтерудегі орнын, сондай-ақ басылымның бүгінгі бағытын талқылады. Редакция ардагерлері естеліктерін айтып, зерттеушілер тарихи деректерді таныстырды.

Іс-шара аясында журнал тарихына арналған «Алаштың «Ақиқаты» кітабы таныстырылды. Жинаққа әр жылдары басылымды басқарған бас редакторлар туралы мәліметтер, зерттеулер, естеліктер және «Қызыл Қазақстан» кезеңінен бергі жарияланымдарға шолу енген.

Іс-шара соңында «Aqiqat» журналының ардагері Сарбас Ақтаев «Парламентке 30 жыл» медалімен марапатталды. 

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі