
Алматыда креативті индустриялар мен технология саласындағы кәсіпкерлік және шығармашылық жобаларды қолдауға бағытталған Creative Shift акселерациялық бағдарламасының өңірлік кезеңі басталды. Бір апталық буткемпке 150 адам қатысып жатыр.
Бағдарлама барысында кәсіпкерлер, креаторлар мен шығармашылық командалар өз жобаларын дамытуға қажетті дағдыларды меңгереді. Қатысушылар бизнес-модель мен айдентиканы жетілдіру, жасанды интеллектіні тиімді пайдалану, жобаны нарыққа шығару және инвестиция тарту жолдарын меңгереді.
Өңірлік буткемптер Астана мен Шымкент қалаларында да өтеді. Іріктеуден өткен қатысушылар Астанада ұйымдастырылатын жеті күндік офлайн менторлық сессияға жолдама алып, өз жобаларын жетілдіруді жалғастырады.
Creative Shift акселерациялық бағдарламасын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Креативті индустрияларды дамыту қоры ұйымдастырды. Бағдарлама төрт бағытты қамтиды. Олар: аудиовизуалды өнер, музыка және сахна, бейнелеу және қолданбалы өнер, әдебиет, медиа және жасанды интеллект.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі