
Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің күй өнерінің бай мұрасы мен оның орындаушылық мектептерінің ерекшелігін танытатын «Жеті мектеп – бір мұра» концерті өтті.
Ұлттық оркестрмен бірге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Саян Ақмолда, сыбызғышы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Талғат Мұқышев және дәстүрлі әнші Біржан Бәзілжан өнер көрсетті. Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жексен Айсын мен халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Нарын Қажғали дирижерлік етті.
Концерт бағдарламасына қазақ күй өнеріндегі түрлі орындаушылық дәстүрді танытатын шығармалар енді. Ұлттық аспаптардың үні арқылы күй өнерінің сан қырлылығы мен көркемдік ерекшелігі ашылып, дәстүрдің ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан сабақтастығы көрініс тапты.
Музыкалық кеш алдында көпшілік ағаштан ойылған теке мүсінін арнайы тұғырға орнатып, домбыраның қағысына ілестіре билететін «Ортеке» өнерін тамашалады. Сондай-ақ сал-серілік дәстүрден көріністер ұсынылып, қазақтың музыка өнерінен сыр шертетін танымдық материалдар таныстырылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі