
Франциядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында Бранли жағалауындағы Жак Ширак музейінде «Қазақстан – Франция: мәдени диалог пен ортақ жобалар» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға Қазақстан Республикасының Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Азамат Белқайыров, Бранли жағалауындағы Жак Ширак музейінің президенті Эммануэль Казареру, Франция Мәдениет министрлігінің өкілдері, сондай-ақ екі елдің жетекші музейлері, кітапханалары, театрлары, кино ұйымдары мен креативті индустрия саласының өкілдері қатысты.
Мәдениет комитетінің төрағасы құттықтау сөзінде Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың тамыры тереңде жатқанын айтып, осы уақытқа дейін жинақталған тәжірибе кәсіби ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ықпал ететінін жеткізді.
«Бүгінде мәдени диалогты ортақ жобалармен жалғастыру маңызды. Мәдениет – елдердің бір-бірін тереңірек танып-білуіне жол ашатын сала. Ол түрлі елдің адамдары мен шығармашылық ортасын жақындастырып, тың ізденіс пен жаңа бастамаларға ұйытқы болады. Бұл өз кезегінде халықтар арасындағы түсіністікті тереңдетіп, мәдени байланысты бекемдей түседі», – деді Азамат Белқайыров.
Бұл бағыттағы нақты бастамалар музей ісі бойынша ұсынылды. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы Орталық Азияны зерттеген француз және франкофон саяхатшыларының тарихына арналған жаңа ғылыми-көрме жобасын таныстырды. Жоба аясында Астанада халықаралық конференция өткізу, ғылыми жинақ әзірлеу, Жозеф-Антуан Кастаньеге арналған көрме ұйымдастырып, каталог шығару жоспарланған. Сонымен бірге Бранли жағалауындағы Жак Ширак музейімен ортақ жобаларды бастау және Луврмен байланысты дамыту жайы сөз болды.
Музей ісіндегі ынтымақтастықты жалғастыру мақсатында «Қазқайтажаңарту» мәдени мұра нысандарын бірлесіп зерттеу, 3D-құжаттау, фотограмметрия және лазерлік сканерлеу технологияларын қолдануды ұсынды. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Францияның бейінді мекемелері базасында жас реставраторлар мен зерттеушілерге арналған тағылымдама мен шеберлік сабақтарын ұйымдастырып, мамандар алмасу бағдарламасын бастау қарастырылып отыр.
Кітапхана ісінде Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітова Францияның MEMORIST орталығымен ынтымақтастықтың бірқатар бағытын таныстырды. Құжаттарды сақтау, қалпына келтіру және цифрландыру бойынша тәжірибені бөлісу, сараптамалық кеңес беру, алдағы уақытта жекелеген қорлармен бірлесіп жұмыс істеу және пилоттық жобаларды қолға алу ұсынылды.
«Астана Опера» театрының директоры Александр Совостьянов театр өнеріндегі байланысты дамыту жөніндегі бірқатар ұсынысын айтты. Театр шығармашылық алмасуды жалғастырып, Францияда гастроль аясындағы жобаларды ұйымдастырмақшы. Айтулы бастамалардың бірі – Сұлтанбек Ғұмардың «Томирис» атты жаңа толықметражды балетін Парижде сахналау.
Дөңгелек үстелде кино саласындағы ынтымақтастық мәселесіне де кеңінен тоқталды. Бұл бағыттағы байланыстың негізі – Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Францияның Ұлттық кино және анимация орталығы (CNC) арасындағы келісім. Тараптар халықаралық кино өндірісін дамыту, қазақстандық фильмдердің Франция мен Еуропа нарығына шығу аясын кеңейту, сондай-ақ екі елдің фильмдерін, оның ішінде анимациялық туындыларды аудару және дубляждау мәселелерін талқылады.
Мәдени және креативті индустриялар саласында екі елдің бейінді ұйымдары арасындағы тікелей байланысты кеңейту мүмкіндіктері қаралды. Атап айтқанда, мамандардың кәсіби алмасуы, шығармашылық резиденциялар мен оқыту бағдарламалары, сондай-ақ ортақ шығармашылық жобаларды бірлесе ілгерілету жайы сөз болды.
Француз тарапы Қазақстанмен музей, кітапхана ісі, кино, мәдени мұраны қалпына келтіру мен креативті индустриялар саласында қалыптасқан әріптестікті жоғары бағалады. Францияның бейінді мекемелерінің өкілдері аталған бағыттар бойынша байланысты нығайтуға және ұсынылған бастамаларды бірлесе пысықтауға дайын екенін жеткізді.
Дөңгелек үстел қорытындысында тараптар ұсынылған бастамаларды сарапшылармен бірге талқылауды жалғастыру жөнінде келісімге келді. Екі ел арасындағы ынтымақтастықта бірлескен көрмелер мен реставрациялық жобаларды жүзеге асыруға, кино саласындағы байланысты дамытуға, мамандар алмасуға және креативті индустрияларды ілгерілетуге басымдық беріледі.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі