Жамбыл облысында егде жастағы азаматтар шағын гранттар аясында цифрлық дағдыларды меңгерді

Жамбыл облысында егде жастағы азаматтар шағын гранттар аясында цифрлық дағдыларды меңгерді

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының шағын гранттары аясында Жамбыл облысында «Аға буынға арналған цифрлық навигатор: мемлекеттік қызметтер және құқықтық қолдау» жобасы өтті. Бастама әлеуметтік волонтерлікті дамыту бағыты бойынша жүргізілді.

Жобаның мақсаты – өңірдегі егде жастағы азаматтардың цифрлық және құқықтық сауатын арттырып, электрондық мемлекеттік қызметтерді өз бетінше әрі қауіпсіз пайдалану дағдыларын қалыптастыру.

Қатысушылар электрондық анықтамалар мен цифрлық құжаттарды алу, мемлекеттік органдарға онлайн өтініш жолдау және оның қаралу барысын қадағалау жолдарын үйренді.

Цифрлық қауіпсіздік бойынша да арнайы оқыту өтті. Азаматтарға интернет-алаяқтардан қорғану, жеке және банк деректерін қауіпсіз түрде сақтау, күмәнді қоңыраулар мен сілтемелерді ажырату жолдары түсіндірілді.

Жоба жұмысына арнайы даярлықтан өткен 30 волонтер атсалысты. Олар семинарлар мен тәжірибелік сабақтарға қатысып, жеке және онлайн кеңес берді. Қозғалысы шектеулі және іс-шараларға өздігінен келе алмайтын азаматтарға үйіне барып көмек көрсетілді.

Жобаны «Панорама» ақпараттық орталығы жүргізді. Бастама аясында 150 егде жастағы азамат қамтылды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі