Қазақстан мен Словакия мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтеді

Қазақстан мен Словакия мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтеді

Братиславада Қазақстан мен Словакия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар кездесу өтті.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов пен Словакия Республикасы Мәдениет министрлігінің мемлекеттік хатшысы Тибор Бернатяктың қатысуымен өткен кездесуде Астана мен Братиславада екі елдің мәдениет күндерін өткізуге қызығушылық білдірілді.

Тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстың жаңа бағыттарын да қарастырды. Кітапхана және музей ісі, халық шығармашылығы, креативті индустриялар мен кино саласындағы әріптестікті дамытуға басымдық берілді.

Кітапхана ісіндегі байланыс Словакия Республикасының Мемлекеттік ғылыми кітапханасының директоры Ольга Докторовамен өткен кездесуде сөз болды. Словакия тарапы қазақ мәдениетін кеңінен таныту мақсатында кітапхана жанынан Қазақстанның тақырыптық бұрышын ашуды ұсынды.

Сапар бағдарламасы аясында Словакияның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Роберт Доброводскиймен де кездесу өтті. Ол әлеуметтік қызметтерді цифрландырудағы Қазақстан тәжірибесіне жоғары баға беріп, «Отбасының цифрлық картасы» жобасының маңызын атап өтті. Сонымен қатар тараптар балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайында пікір алмасты.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі