IVY 2026: Қазақстан бастамасы Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінің ТДМ жолындағы ынтымақтастығын кеңейтті

IVY 2026: Қазақстан бастамасы Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінің ТДМ жолындағы ынтымақтастығын кеңейтті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ жариялаған Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылын (IVY 2026) Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдері белсенді қолдап отыр.

IVY 2026 науқаны өңір елдерінің тәжірибе алмасып, Тұрақты даму мақсатына қол жеткізу жолындағы ортақ жұмысына серпін берді. Бұл ретте волонтерлік қызметті жүйелі түрде дамытуға және оны қолдаудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға басымдық беріліп отыр.

Чили, Мексика, Доминикан Республикасы, Гондурас және Гватемала елдерінің өкілдері бір алаңда волонтерлік қызметті ұйымдастыру мен үйлестірудегі тәжірибелерін бөлісті. Бұл мәселе Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінің Тұрақты даму жөніндегі форумының IX отырысында да кеңінен талқыланды.

Гватемалада волонтерлікті қолдаудың заңнамалық негізін жетілдіруге мән беріліп отыр. Осы мақсатта ерікті қызметтің тұрақты дамудағы рөлін айқындайтын Волонтерлікті ілгерілету туралы заң таныстырылды.

Гондураста әлеуметтік, білім беру және экологиялық бағыттағы бірқатар жоба бар. Олардың қатарында мектеп бақтарын ашу, экологиялық акциялар өткізу, қоғамдық орындарды абаттандыру, қайталама шикізат жинауға арналған Reciclatón 2026 өңірлік науқаны, сондай-ақ қарт адамдарды қолдау мен мектеп оқушыларын тамақпен қамтамасыз ету бастамалары бар.

Колумбияда IVY 2026 аясында БҰҰ құрылымдарының қатысуымен «Тұрақты даму үшін бір командада ойнаймыз» іс-шарасы өтті.

Гайанада IVY 2026 науқаны елдің ең көрнекті табиғи орындарының бірі саналатын Кайетур сарқырамасында жалғасты. Кариб бассейнінде алғаш рет таныстырылған IVY 2026 көшпелі логотипі қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты даму ісіндегі волонтерліктің маңызын дәріптеді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі