Қазақстанда көрнекті режиссер Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ауқымды іс-шаралар өтіп жатыр. Бүгін Алматыда тақырыптық көрме ашылып, «Менің атым Қожа» фильмінің арнайы көрсетілімі өтті. 17 қыркүйекке дейін режиссердің фильмдері еліміздің алты қаласында қайта көрсетіледі.
«Уақыт пен экран үндестігі: Абдолла Қарсақбаевқа 100 жыл» көрмесіне суретші М.Фролова-Багрееваның Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесінің желісімен салған түпнұсқадағы графикалық жұмыстары қойылған. Көрме арқылы Қожа бейнесінің экранға шыққанға дейінгі көркемдік тұрғыда қалыптасу жолын көруге болады.
Абдолла Қарсақбаевтың фильмдері Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда және Ақтау қалаларында көрсетіледі. Бағдарламаға «Менің атым Қожа», «Алты жасар Алпамыс», «Балалық шаққа саяхат» және «Қилы кезең» фильмдері енген.
Мерекелік бағдарламаның тағы бір айтулы іс-шарасы – Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының аумағында жаңа атаулы ескерткіш жұлдыздардың ашылуы.
Жұлдыздар аллеясы отандық кино өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан Бауыржан Нөгербек, Болат Сүлеев, Мұрат Нұғманов, Әлім Сәбитов, Сламбек Тәуекел, Виктор Чугунов, Әзірбайжан Мәмбетов және Нұрлан Сегізбаевтың есімдерімен толықты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі