
Үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы онлайн форматта өтті. Жиында ҮЕҰ туралы заң жобасы талқыланды.
Заң жобасында бірқатар маңызды өзгеріс қарастырылған. Атап айтқанда, негізгі ұғымдарды нақтылау, ҮЕҰ қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін реттеу, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы байланысты дамыту және саланы цифрландыру мәселелері қамтылған.
Жұмыс тобының құрамында қоғамдық ұйымдардың, құқық қорғау және сарапшылар қауымдастығының, сондай-ақ үкіметтік емес сектордың өкілдері бар. Отырыс барысында қатысушылар заң жобасына қатысты ұсыныс-пікірін ортаға салып, олар құжатты одан әрі әзірлеу кезінде қарастырылады.
Бұған дейін заң жобасы 20 өңірлік азаматтық форумда және Қазақстанның XII Азаматтық форумы аясындағы арнайы панельдік сессияда талқыланды. Сондай-ақ «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылаудан өтті.
Биыл 3 қыркүйекте заң жобасының тұжырымдамасы Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында мақұлданды.
Жаңа заңды әзірлеу жұмысы Мемлекет басшысының 2025 жылғы 14 наурызда Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасына сәйкес жүргізілді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі