
Анкарада қазақтың көрнекті әншісі, домбырашы, композитор әрі актер Манарбек Ержановтың туғанына 125 жыл толуына орай еске алу кеші өтті.
Іс-шараға дипломатиялық корпус, мемлекеттік органдар және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кеш барысында Манарбек Ержановтың өмірі мен шығармашылық жолы таныстырылып, қазақ музыка өнерінің дамуына қосқан үлесі кеңінен дәріптелді. Көпшілікке белгілі өнер қайраткерінің өмірі мен шығармашылығы жайлы деректі фильм де көрсетілді.
Концертте Қарағандыдан келген «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі қазақтың дәстүрлі музыкалық шығармаларын орындады. Сондай-ақ Сержан Мұсайын, Нұрлытаң Саятқызы мен Гүлмира Тапай өнер көрсетті. Ақын әрі жазушы Серік Ақсұңқарұлы «Манарбек Ержановтың дәуірі туралы баллада» атты туындысын оқыды.
Іс-шараны Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі және Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі