
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында еліміздегі кітапхана саласының негізгі статистикалық деректері жинақталған LABA (Library and Book Analytics) аналитикалық медиаплатформасы таныстырылды.
Платформада кітапханалар желісі, оқырмандар мен келушілер саны, кітап қоры мен берілген әдебиеттер, цифрлық ресурстар және кадрлық әлеует туралы негізгі көрсеткіштер қамтылған.
Деректер диаграмма, рейтинг, интерактивті кесте және өңірлер бойынша салыстырмалы мәлімет түрінде берілген. Осы арқылы саладағы өзгерістерді бақылап, өңірлердің көрсеткіштерін салыстыруға болады.
LABA платформасын құруға «Қазақстан кітапханалары – 2025 жыл. Мәліметтер мен сандар» ғылыми-сараптамалық шолуындағы мәлімет негіз болған. Алдағы уақытта жаңа статистикалық есептер жарияланған сайын платформадағы ақпарат та жедел жаңартылып отырады.
LABA интерфейсі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Платформа мобильді құрылғыларға да бейімделген.
Жоба авторы – Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ғылыми-әдістемелік қызметінің маманы Нұрлыхан Жұмахан. Платформаға bynurlykhan.github.io/laba сілтемесі арқылы кіруге болады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі