
Бүгін Отбасы күніне арналған апталықтың үшінші күні «Саналы ата-ана болу» тақырыбында өтіп жатыр. Атаулы күн бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау, оның эмоциялық жай-күйіне көңіл бөлу және ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту мәселелеріне арналған.
Еліміздің барлық өңірінде ата-аналардың психологтармен, педагогтермен және әлеуметтік қызметкерлермен кездесулері, практикалық сабақтар мен оқыту курстары жоспарланған. Кездесулерде баланың жас ерекшеліктерін ескеру, онымен дұрыс қарым-қатынас орнату, жанжалдың алдын алу, сондай-ақ дұрыс тәрбие беру жолдары сөз болады.
Бұл күні бала тәрбиесіндегі әкенің рөліне де ерекше көңіл бөлінеді. «Әке мен бала: қатысу, қамқорлық және бірге болу» ақпараттық науқаны әкенің бала тәрбиесіндегі рөлінің маңызын ұғындыруды көздейді. Оның аясында балаға күнделікті көңіл бөлу, бірге уақыт өткізу, эмоциялық тұрғыдан қолдау және маңызды шешімдерді бірлесе қабылдау мәселелері талқыланады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі