
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық әдебиеттің дамуына қосқан айрықша үлесі үшін жазушы Валерий Михайловты I дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Бүгін, 7 қыркүйекте белгілі жазушы, ақын, публицист әрі журналист 80 жасқа толды.
Валерий Михайлов саналы ғұмырының бірнеше онжылдығын Қазақстан әдебиеті мен журналистикасына арнап, осы салалардың дамуына елеулі еңбек сіңірді. Ол «Вечерняя Алма-Ата», «Ленинская смена», «Казахстанская правда» газеттері мен «Простор» журналында еңбек етті. 1997-2003 жылдары «Казахстанская правда» газетінде басшылық қызмет атқарып, кейін ұзақ жылдар бойы «Простор» журналының бас редакторы болды.
Валерий Михайлов – поэзия мен проза жанрындағы жиырмадан астам кітаптың авторы. Оның шығармаларында тарих пен өткеннің тағылымы көрініс тапқан. Жазушының кеңінен танылған еңбектерінің бірі – Қазақстандағы 1930 жылдардағы қасіретті оқиғаларды арқау еткен «Хроника великого джута» шығармасы. Оның туындылары қазақ, ағылшын, француз, неміс, испан, араб, қытай, корей және басқа да тілдерге аударылған.
Қаламгер қазақ әдебиетін кеңінен насихаттауға да елеулі үлес қосты. Валерий Михайлов отандық авторлардың шығармаларын орыс тіліне аударды. Сондай-ақ «Жизнь замечательных людей» сериясымен оның Михаил Лермонтов, Евгений Боратынский және Николай Заболоцкий туралы кітаптары жарық көрді.
Валерий Михайловтың көп жылғы шығармашылық еңбегі жоғары мемлекеттік және кәсіби марапаттармен бағаланған. Ол – «Парасат», II дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері және «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты. 2024 жылы қаламгерге «Қазақстанның халық жазушысы» атағы берілді.
Айта кетейік, биыл Валерий Михайловтың «Неразглашенное время» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы жарық көріп, еліміздің барлық кітапханасына таратылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі