Creative Aimaq жобасы аясында Түркістан облысының креаторлары 21 млн теңгенің өнімін сатты

Creative Aimaq жобасы аясында Түркістан облысының креаторлары 21 млн теңгенің өнімін сатты

2026 жылғы 29-30 тамызда Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында республикалық Creative Aimaq жобасы аясында Түркістан облысының креативті индустриялар жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеде өңірден келген 50 креатор өз өнімдері мен шығармашылық жобаларын таныстырды. Көпшілікке кәдесыйлар, зергерлік бұйымдар, ұлттық кілемдер, заманауи дизайнерлік киімдер, ат әбзелдері, домбыра, сондай-ақ киізден, ағаштан және қыштан жасалған бұйымдар, сәндік паннолар, жібек орамалдар, тақиялар, көрпешелер мен сөмкелер сатылды.

Екі күн ішінде жәрмеңкеге 5 200-ге жуық адам барды. Креаторлар жалпы 21 млн теңгенің өнімін сатты.

Іскерлік және мәдени бағдарлама аясында шеберлік сабақтары өтті. Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға негізделген инновациялық жобалар мен стартаптар таныстырылды. Келушілер үшін сән көрсетілімі мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Жәрмеңке өңір креаторларына өз туындыларын елорда жұртшылығына танытып қана қоймай, жаңа серіктестер табуға, іскерлік байланыс орнатуға және өз брендтерін кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.

Creative Aimaq жобасы әлі де жалғасады. Келесі кезекте Жамбыл облысының креаторлары өз өнімдері мен жобаларын таныстырады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі