Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі ән орындаушылар байқауына өтінім қабылдау басталды

Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі ән орындаушылар байқауына өтінім қабылдау басталды

2026 жылғы 25-27 қазан аралығында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында өтетін Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі ән орындаушылар республикалық байқауына өтінім қабылдау басталды. Өтінім 15 қыркүйекке дейін қабылданады.

Байқауға республикалық маңызы бар қалалар мен облыстық байқаулардың жеңімпазы атанған 20 мен 35 жас аралығындағы орындаушылар қатыса алады. Бұған дейін аталған байқаудың Гран-при жүлдесін иеленген өнерпаздар қайта қатыса алмайды.

Алдын ала іріктеуге қатысушылар Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы бекітілген тізімнен екі туындыны орындап, бейнежазбасын жолдайды. Бейнежазба монтажсыз және дыбысты қосымша өңдеусіз, камераны қозғалтпай түсірілуі тиіс. Негізгі кезеңге өткен қатысушылардың тізімі 25 қыркүйекке дейін жарияланады.

Байқаудың негізгі кезеңі екі турдан тұрады. Әр турда қатысушылар Әміре Қашаубаевтың репертуарынан бір туынды және өз таңдауы бойынша екі шығарманы орындайды. Екі турда орындалатын әндер қайталанбауы тиіс.

Байқау 27 қазанда өтетін гала-концертпен аяқталып, жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі