
Ыстамбұлда Қазақстан мен Түркия жастары арасындағы кәсіби байланысты дамытуға және ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Kazakhstan-Türkiye Youth Bridge халықаралық жастар жобасы өтіп жатыр.
Жоба барысында қазақстандық жас сәулетшілер мен бейінді оқу орындарының өкілдері түрік сәулет өнерін зерделеп, Осман дәуіріндегі қала құрылысының ерекшеліктері мен қазіргі сәулет өнерінің жаңа бағыттары жөнінде білім алады.
Бағдарламада Осман дәуірінің алғашқы және классикалық кезеңдері, Түркия Республикасының қалыптасуы мен Ыстамбұлдың заманауи сәулетінің дамуына арналған дәрістер мен тәжірибелік сабақтар қамтылған.
Қатысушылар қаланың көрнекті нысандары мен тарихи-мәдени ескерткіштерін аралайды.
Бағдарлама аясында тәжірибелік шеберлік сабағы да ұйымдастырылады. Онда қатысушылар өздерінің жобаларын таныстырады.
Kazakhstan-Türkiye Youth Bridge жобасы 23-29 тамыз аралығында өтеді. Жоба жас мамандардың тәжірибе алмасуына, жаңа кәсіби байланыс орнатуына және екі ел жастары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі