«Біз бірлескен жобаларды дамытып, тиімді әдіс-тәсілдермен тәжірибе алмасуға, көшбасшылар мен үйлестірушілерді даярлауға тиіспіз», – Аида Балаева ТМД волонтерлерінің I форумында

«Біз бірлескен жобаларды дамытып, тиімді әдіс-тәсілдермен тәжірибе алмасуға, көшбасшылар мен үйлестірушілерді даярлауға тиіспіз», – Аида Балаева ТМД волонтерлерінің I форумында

Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы волонтерлерінің I форумы басталды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған форум ТМД Үкімет басшылары кеңесінің шешімі негізінде Достастық елдерінің волонтерлік бастамаларын біріктіріп, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін жыл сайынғы алаң ретінде құрылды.

Форумның ашылуында Аида Балаева Мемлекет басшысының құттықтауын оқып берді. Президент маңызды іс-шараның Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған Халықаралық еріктілер жылында өтіп отырғанына назар аударды. Бұл волонтерлердің әлеуметтік, гуманитарлық және экологиялық мәселелерді шешудегі орасан зор рөлінің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді.

«Қазақстан осы форумды өткізуді ұсына отырып, ТМД елдерінің волонтерлері тұрақты түрде тәжірибе алмасып, ортақ бастамаларын халықаралық деңгейде бірлесе ілгерілететін алаң құруды мақсат етті. Біз үшін достықты нығайтып, ынтымақ, мейірімділік пен жанашырлық сияқты ізгі құндылықтарды қоғамға терең сіңіру айрықша маңызды. Қазақстанда волонтерлік адам әлеуетін дамытуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және қоғамда жанашырлыққа негізделген жаңа қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп келеді. 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияда еліміздің тарихында алғаш рет волонтерлік қызметті мемлекеттік қолдау ең жоғары құқықтық деңгейде бекітілді», – делінген құттықтау хатта.

Форумның ашылуында Аида Балаева Қазақстанда волонтерлік қозғалыстың жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл бағыттағы маңызды кезеңдердің бірі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жылдың Волонтер жылы болып жариялануы. Сол жылы Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында сөйлеген сөзінде Даму мақсатындағы волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялауды ұсынған болатын. Бүгінде осы бастаманың нақты әрі ауқымды нәтижесін көріп отырмыз. Соңғы алты жылда еліміздегі белсенді волонтерлер саны алты есе өсіп, 50 мыңнан 300 мың адамға жетті. Волонтерлік ұйымдар саны үш есе артып, 810-ға, ал волонтерлік топтар саны он есе көбейіп, 3,5 мыңға жетті.

«Осы жылдар ішінде Қазақстанда волонтерлік қозғалысты одан әрі дамытуға қажетті жүйелі негіз қалыптасты. «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылданып, қолдау инфрақұрылымы дамып келеді, білім беру және гранттық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Ендігі міндет – қозғалыстың ауқымын кеңейтіп қана қоймай, волонтерлікті қоғам өмірінің қолжетімді әрі табиғи бөлігіне айналдыру. Волонтерлік қауымдастықпен бірлесіп әзірленіп жатқан Волонтерлік қозғалысты дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы дәл осы мақсатқа бағытталған. Құжатта кәсіби және салалық волонтерлікті өркендетуге, көшбасшылар даярлауға, қолдау тетіктерін жетілдіруге және заманауи цифрлық құралдарды пайдалануға басымдық беріледі. Соның ішінде әр адамның жинақтаған тәжірибесін, құзыреттері мен қосқан үлесін жүйелеуге мүмкіндік беретін волонтердің цифрлық паспортын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде», – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Сонымен қатар Аида Балаева бүгінде 100 мыңнан астам азаматты біріктіріп отырған экологиялық волонтерліктің негізгі бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтті. Бұл саланың өркендеуіне жалпыұлттық «Таза Қазақстан» қозғалысы айрықша серпін берді. Қозғалыс аясында 1,5 мыңнан астам экологиялық іс-шара өткізіліп, 2 млн тоннаға жуық қалдық жиналды. 2,8 млн гектардан астам аумақ тазартылып, 4,5 млн-ға жуық ағаш егілді.

«Келесі қадам – елдеріміздің волонтерлік қауымдастықтары арасында нақты ынтымақтастық орнату. Біз бірлескен жобаларды дамытып, тиімді әдіс-тәсілдермен тәжірибе алмасуға, көшбасшылар мен үйлестірушілерді даярлауға тиіспіз. Сонымен қатар волонтерлік тәжірибе қоғам тарапынан лайықты бағаланып, әр адамның білім алуы мен кәсіби дамуының бір бөлігіне айналуы қажет», – деді Аида Балаева.

Осыған байланысты Премьер-министрдің орынбасары форум қорытындысы бойынша экология, әлеуметтік және инклюзивті қолдау, сондай-ақ жастар волонтерлігі бағыттарындағы бірлескен бастамалардың тізбесін әзірлеуді ұсынды.

Алғашқы жобалардың бірі ретінде ТМД елдері волонтерлерінің қазан айында өтетін Арал маңы табиғатын қалпына келтіру жөніндегі халықаралық волонтерлік аптаға қатысуы ұсынылды.

Айта кетейік, алғашқы форумның негізгі тақырыбы – «Волонтерлік арқылы бірлік: серіктестік, сенім, даму». Іс-шарада экологиялық жобаларға, инклюзивті және мәдени волонтерлікке, сондай-ақ ТМД кеңістігіндегі халықаралық волонтерлік бастамаларды дамытуға баса назар аударылды. Екі күнге созылатын форум аясында панельдік сессиялар, тақырыптық пікірталастар және табысты волонтерлік тәжірибелердің таныстырылымдары өтеді. ТМД волонтерлерінің форумы алдағы уақытта тәжірибе алмасуға, волонтерлік қозғалысты дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған жыл сайынғы алаңға айналады деп жоспарланып отыр. Форумды Достастық елдері ротациялық тәртіппен кезек-кезек өткізетін болады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі