
Абай күні қарсаңында Алматыда ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының тұңғыш кітабының жарыққа шығу тарихын баяндайтын «Алғашқы кітап» деректі фильмі таныстырылды. Фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.
Фильм «Абай әлемі» музыкалық-поэзиялық кеші аясында ашық аспан астында көрсетіліп, іс-шараға мыңдаған көрермен жиналды. Мерекелік бағдарламада Абайдың шығармашылық мұрасына арналған кино көрсетілімі және театрландырылған қойылым ұсынылды. Сондай-ақ ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалды.
«Алғашқы кітап» докудрама жанрында түсірілген. Туындыда 1909 жылы Санкт-Петербургте Ілияс Бораганскийдің баспаханасында жарық көрген Абай шығармаларының тұңғыш жинағының тарихы баяндалады. Фильм авторлары ақын мұрасын жинақтау мен баспаға дайындаудан бастап, кітап болып жарық көргенге дейінгі жолды зерделейді. Кітапты шығаруға атсалысқан тұлғалар мен сол кезеңнің қиындықтары да сөз болады.
Кеш Almaty Summer Fest концерттік бағдарламасымен жалғасты. Танымал өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар Абайдың әндерін орындап, өлеңдерін оқыды.
Мерекелік кеш соңында Абай әндері ашық аспан астында көпшілікпен бірге шырқалды. Өнерпаздарға мыңнан астам көрермен қосылып, ұлы ойшылдың поэзиялық және музыкалық мұрасын бірге дәріптеді.
«Алғашқы кітап» деректі фильмі «Хабар» және «Алматы» телеарналарының эфирінен де көрсетіледі.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі