«Қазақфильмде» Меңтай Өтепбергеновтің 80 жылдығына арналған көрме ашылды

«Қазақфильмде» Меңтай Өтепбергеновтің 80 жылдығына арналған көрме ашылды

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, киноактер әрі тарихшы-коллекционер Меңтай Өтепбергеновтің 80 жылдығына арналған «Өнер тарланы» көрмесі ашылды.

Көрмеде өнер иесінің шығармашылық мұрасымен қатар, отандық киноның қалыптасуы мен даму тарихы таныстырылады. Экспозицияның негізін Меңтай Кино музейінің қорындағы материалдар құрайды. Атап айтқанда, Меңтай Өтепбергеновтің ұзақ жылдар бойы жинақтаған әрі зерттеген құнды жәдігерлері қойылған.

Көрмеде 1930-1970 жылдардағы киноплакаттар, әр кезеңде қолданылған кинокамералар, пошта ашықхаттары, 1960-1970 жылдардағы кинотаспалар, 1930 жылы шығарылған Kodak кинопроекторы, «Советский экран» журналының сандары, мұрағат құжаттары мен түсірілім алаңдарында түсірілген фотосуреттер ұсынылған.

Меңтай Өтепбергенов отандық кино өнеріне актер ретінде ғана емес, оның тарихын зерттеуші ретінде де елеулі үлес қосты. Ол ұзақ жылдар бойы отандық және әлемдік кино тарихына қатысты сирек кездесетін материалдарды жинақтап, тарихи әрі мәдени құндылығы жоғары бірегей қор қалыптастырды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі