
Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде Қазақстанның халық суретшісі Сахи Романовтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Дала симфониясы» атты көрме ашылды. Көрменің ашылуымен қатар, қылқалам шеберінің шығармашылығы жайында дөңгелек үстел өтті.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көрменің ашылуына орай құттықтау хатын жолдады. Құттықтауда Сахи Романовтың қазақ бейнелеу өнерінің, ұлттық кескіндеме мен графиканың дамуына сүбелі үлес қосқаны атап өтілді.
«Сахи Романов – қазақ бейнелеу өнерінің көркемдік өрісін кеңейтіп, ұлттық кескіндеме мен графикада айрықша қолтаңба қалдырған дара суреткер. «Дала симфониясы» – суретшінің бай мұрасын жаңаша зерделеуге, шығармашылық ізденістерінің ауқымын саралауға және кейінгі ұрпаққа танытуға мүмкіндік беретін маңызды мәдени оқиға деп білемін», – делінген құттықтау хатта.
Экспозицияға музей қорындағы және суретшінің отбасы сақтаған туындылар қойылған. Олардың қатарында «Шопанның отбасы», «Жер туралы декрет», «Отан аспаны аясында», «Бұғаудан босау» секілді шығармалар бар.
Сахи Романов кескіндеме, графика және кино саласында жемісті еңбек етті. 1955 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын тәмамдағаннан кейін «Қазақфильм» киностудиясында қызмет атқарды. Ол «Өмір жолы», «Алдар көсе», «Ән қанаты» және «Құлагер» фильмдерінің жарыққа шығуына атсалысты.
1967 жылы Сахи Романовқа Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, ал 1981 жылы Қазақ КСР-нің халық суретшісі құрметті атақтары берілді. Көрме Сахи Романовтың шығармашылық мұрасы мен ұлттық өнердің өркендеуіне қосқан еңбегін жан-жақты танытады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі