«Таза Қазақстан» акциясына 16 мыңнан астам этномәдени бірлестік өкілі қатысты

«Таза Қазақстан» акциясына 16 мыңнан астам этномәдени бірлестік өкілі қатысты

Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Барлық өңірде аумақтарды тазалау, көгалдандыру және экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталған іс-шаралар өткізіледі.

Экологиялық акцияларға этномәдени бірлестіктердің өкілдері де белсенді атсалысып келеді. Мәселен, Ақмола облысында акцияға қатысушылар Сандықтау ауданындағы қоғамдық орындарды абаттандырып, аумақтарды тазалады. Сондай-ақ ағаштарды, жарықтандыру бағаналары мен қоршауларды әктеу жұмыстарын жүргізді.

Шымкент қаласында «Біз біргеміз» достық лагерінің қатысушылары лагерь аумағы мен оның айналасын қоқыстан тазартты. Ал «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында жастар жалғызбасты зейнеткердің үйі мен ауласын ретке келтіруге көмектесті.

Ұлытау облысында «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұжымы көгалдандыру, аумақты абаттандыру, жасыл желектерді күтіп-баптау және санитарлық тазалық жұмыстарын атқарды.

2026 жылдың алғашқы алты айында өңірлердегі «Қоғамдық келісім» мекемелері 328 экологиялық және волонтерлік бағыттағы іс-шараны ұйымдастырды. Оларға 16 мыңнан астам адам қатысты.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі