
Ресей Федерациясының Омбы қаласында Қазақстан мен Ресейдің ХХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында жастар форумы басталды. Оған екі елдің мемлекеттік органдарының өкілдері, жастар ұйымдарының мүшелері, сарапшылар, кәсіпкерлер мен волонтерлер жиналды. Қазақстан атынан еліміздің әр өңірінен келген 30 делегат қатысып жатыр.
Форум бағдарламасы екі күнге жоспарланған. Оның аясында сарапшылық пікірталастар, панельдік сессиялар, жобалық жұмыстар және білім беру іс-шаралары өтеді. Кездесуде жастар кәсіпкерлігін дамыту, креативті индустрияларды қолдау, волонтерлік қозғалысты нығайту және бірлескен жастар бастамаларын жүзеге асыру мәселелеріне басымдық берілген.
Қатысушылар жастардың жобаларын мемлекеттік қолдау тетіктерін, кәсіпкерлікті дамыту жолдарын және волонтерлік қозғалысты ілгерілету тәжірибесін талқылайды. Сондай-ақ ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша жобалық топтар құрылады. Іс-шара қорытындысында 2026-2027 жылдарға арналған ынтымақтастықтың жол картасына енгізілетін ортақ бастамалар мен ұсыныстар әзірленеді.
Форум Қазақстан мен Ресей арасындағы гуманитарлық байланысты нығайтуға, екі ел жастарының серіктестігін кеңейтуге және жастар саясаты саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі