
Қазақстандық әншілер Ақерке Амалят пен Жасмина Түзелова XXXV «Витебскідегі Славян базары» халықаралық өнер фестивалі аясында өткен ән байқауларында жүлдегер атанды.
Ақерке Амалят «Витебск-2026» XXXV халықаралық эстрадалық ән орындаушылар байқауында І орынды жеңіп алды. Екі күнге созылған байқау қорытындысы бойынша өнерпаз 134 ұпай жинады. Биылғы додаға 19 елдің орындаушылары қатысты.
Қазақстан қоржынына тағы бір жүлдені 13 жастағы Жасмина Түзелова салды. Жас өнерпаз «Витебск-2026» XXIII халықаралық балалар ән байқауында ІІ дәрежелі диплом иегері атанып, жоғары деңгейдегі дайындығын көрсетті.
Жасмина Түзелова авторлық ән жазуға арналған арнайы сертификатқа да ие болды. Бұл марапатты халықаралық қазылар алқасының мүшесі, латвиялық композитор Гайтис Лазданс тағайындады.
Эстрадалық ән орындаушылардың халықаралық байқаулары дәстүрлі түрде «Витебскідегі Славян базары» фестивалі аясында өткізіліп, әр елден келген жас өнерпаздардың басын қосатын беделді алаңға айналған.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі