«Отырар» музей-қорығында керамиканы сақтау мәселесі талқыланды

«Отырар» музей-қорығында керамиканы сақтау мәселесі талқыланды

«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығында музей қорындағы керамиканы консервациялау мен реставрациялауға арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.

Іс-шараға археологтер, реставраторлар, музей ісі мамандары мен қыш шеберлерін қоса алғанда, 50-ден астам маман қатысты. Семинар барысында археологиялық жәдігерлерді сақтаудың заманауи тәсілдері, зертханадағы технологиялардың мүмкіндіктері және сала мамандары арасындағы кәсіби ынтымақтастықты дамыту мәселесі кеңінен талқыланды.

Мамандар археологиялық қорларды консервациялау мен реставрациялау тәжірибесін таныстырып, Самарқан археология институтында қолданылып жүрген ғылыми-инновациялық әдістер мен «Таңбалы» музей-қорығында мәдени мұраны сақтау бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Семинардың тәжірибелік бөлімінде керамика бұйымдарын жасау, қалпына келтіру және консервациялау тәсілдері көрсетілді. Реставраторлар мен қыш шеберлері музей жәдігерлерімен жұмыс істеудің негізгі әдіс-тәсілдерін көрсетті.

Іс-шара аясында «Өткеннің жаңғырған мұрасы» атты көрме ұйымдастырылды. Экспозицияға «Отырар» музей-қорығының қорында сақталған әрі реставрациядан өткен керамика бұйымдары қойылды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі