
«Астана Опера» театры XIII театр маусымын аяқтайды. Осы кезеңде театр қойылымдары мен шығармашылық жобаларын 120 мыңнан астам көрермен тамашалады. Маусым барысында үш жаңа премьера сахналанып, 60 көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар гастрольдің ауқымы кеңейіп, Бейбітшілік және келісім сарайында театрдың екінші сахнасы ашылды.
Маусымның басты жаңалығы – «Астана Опера» театрының тапсырысымен Серікжан және Әліби Әбдінұровтар музыкасын жазған «Қыпшақ қызы Аппақ» ұлттық операсының әлемдік премьерасы. Бұдан бөлек, Джузеппе Вердидің «Риголетто» операсы мен Сұлтанбек Ғұмар қойған «Мәңгіліктің төрт сыры» балеті қойылды.
Халықаралық «Опералия-2026» фестивалі бір жарым ай бойы үш сахнада өтіп, оған 18 мыңға жуық көрермен мен әлемнің оннан астам елінен келген өнерпаздар қатысты. Балет труппасы Маскаттағы Корольдік опера театрында «Коппелиясын» қойып, Алматы мен Сочиде өнер көрсетті. Ал опера труппасы Павлодар мен Ақтөбеге гастрольмен барып қайтты.
Театр солистері әлемнің беделді сахналарында өнер көрсетсе, Астанада Диана Вишнева, Альбина Шагимуратова және Борис Эйфман балеті театрының қатысуымен бірқатар шығармашылық жобалар көрермен назарына ұсынылды.
Маусым бойы ұлттық музыкалық мұраны насихаттауға басымдық берілді. Театр шымылдығы «Абай» операсымен ашылып, Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің мерейтойларына арналған концерттер, қайырымдылық және ағартушылық іс-шаралар өткізілді.
XIII театр маусымы Джузеппе Вердидің «Дон Карлос» операсымен жабылады. 11 және 12 шілде күндері дирижер Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен өтетін қойылымдар «Опералия-2026» халықаралық фестивалінің де қорытындысы болмақ.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі