Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінде БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі Элизабет да Коштамен кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар азаматтық қоғамды дамыту, адам құқықтарын қорғау және Министрлік пен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар бірлескен бастамаларды жүзеге асыру, азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастықты нығайту және тәжірибе алмасу мәселесі сөз болды.
Министрлік өкілдері азаматтық қоғамды нығайту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Осы бағытта елімізде заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасауға және адам құқықтарын қорғаудың ұлттық тетіктерін жетілдіруге бағытталған реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Кездесу соңында тараптар азаматтық қоғамды дамыту және адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды ілгерілету бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі