«Астана Опера» театрында Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған концерт өтті

«Астана Опера» театрында Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған концерт өтті

«Астана Опера» театрының Үлкен залында Қазақстанның халық әртісі, көрнекті опера әншісі Ермек Серкебаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы даланың Ұлы дауысы» атты концерт өтті.

Мерейтойлық кеш «Опералия» халықаралық музыка фестивалі шеңберінде өтіп, ұлттық классикалық өнердің негізін қалаушылардың мерейтойларына арналған тағылымды жобалардың қатарын толықтырды. Бір сахнада «Астана Опера» театрының солистері, хоры, симфониялық оркестрі және шетелден арнайы шақырылған өнерпаздар өнер көрсетті.

Кеште Ермек Серкебаевтың шығармашылығындағы таңдаулы туындылар орындалды. Опера ариялары, халық әндері мен камералық шығармалар арқылы көрермен әншінің қайталанбас қолтаңбасын, қазақ вокал өнері мен ұлттық сахна мәдениетінің биік деңгейін айқын танытты.

Концертте Джоаккино Россинидің «Севильдік шаштараз» операсынан Фигароның каватинасы шырқалды. Аталмыш шығарма – Ермек Серкебаевтің орындауымен кеңінен танылып, оның шығармашылық болмысымен біте қайнасқан туындылардың бірі. Сондай-ақ көрермен назарына Алмас Серкебаевтың ішекті оркестрге арналған «Фигаро тақырыбына парафразы» ұсынылды.

Кешке «Астана Опера» театрының жетекші солистерімен қатар, Аваз Раджабов, Венера Протасова, Шохрух Юнусов және Қазақстанның халық әртісі Шахимардан Әбілов қатысты.

Дирижерлік тізгінді Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедияров ұстады.

Мерейтойлық кешке Ермек Серкебаевтің жары Әлфия Байжанова жоғары баға берді.

«Ермек Бекмұхамедұлының есіміне деген құрмет пен оның жарқын мұрасын ардақтап келе жатқан баршаңызға алғыс айтамын. Концерттің ерекше ықыласпен, үлкен жауапкершілікпен әзірленгені әрбір сәтінен сезіліп тұрды», – деді Әлфия Байжанова.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі