Ұлттық музейде Қытайдың заманауи жібек өнерін танытатын халықаралық көрме ашылды

Ұлттық музейде Қытайдың заманауи жібек өнерін танытатын халықаралық көрме ашылды

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Керемет жібек: Қытайдың заманауи жібек өнері» атты халықаралық көшпелі көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов қатысып, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді.

Құттықтау хатта мәдениеттің халықтарды жақындастырып, рухани байланысты нығайтатын, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашатын құндылық екені аталып өтті. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытайды ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық қарым-қатынас пен Ұлы Жібек жолының ортақ тарихи мұрасы байланыстыратыны, бүгінде екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілгені айтылды.

Көрме Қытайдың Жібек музейімен, Хучжоу музейімен және Тұрпан музейімен бірлесіп ұйымдастырылды. Экспозиция көпшілікті Қытайдың жібек өнерінің бай мәдени мұрасымен, дәстүрлі қолөнердің қайталанбас ерекшеліктерімен және осы өнердің заманауи даму үрдістерімен таныстырады.

Көрмеге сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің, суретшілер мен сән дизайнерлерінің 100-ге жуық туындысы қойылған. Келушілер дәстүрлі жібек тоқу, кестелеу, бояу және көркемдік баспа өнерінің үздік үлгілерімен қатар, дәстүрлі қолөнердің бүгінгі заман талабына сай жаңа сипат алған туындыларын тамашалай алады.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Қытай Халық Республикасының Тұрпан музейі арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжат музей ісі саласындағы ұзақмерзімді әріптестікті нығайтуға, бірлескен көрме және ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, музей мамандарының тәжірибе алмасуына, сондай-ақ мәдени мұраны сақтау, зерттеу және кеңінен насихаттау бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Көрме 20 қыркүйекке дейін жалғасады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі